БІЛІМ
Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова
Әлемнің көптеген елінде қақтығыстар болып жатыр. Мемлекет шекараларын бөлгенде талас тудырған аймақтар үшін немесе ұлттардың тарихи тағдыры үшін соғыс өрті лаулап тұр. Саясат майданында әлем келбеті өзгеруде. Қазіргі қан иісі мүңкіген жер беті - қару сататындар үшін ғана жұмақ. Бұл туралы bugin.kz тілшісі арнайы сараптамалық мақаланы назарларыңызға ұсынады.
Бәрі қалай басталды?
2021 жылдың 21 ақпанында Ресей Президенті Владимир Путин сепаратистік "Донецк халық республикасы" мен "Луганск халық республикасының" тәуелсіздігін мойындады. Тиісті құжатты сол елдегі парламент ратификациялады. Путин сонымен қатар бұл "республикаларға" Донецк пен Луганск облыстарының барлық аумағы кіретінін мәлімдеді. Бұл – сепаратистер бақылайтын аймақтан да кең жер. 24 ақпанда Путин Украинаға қарсы "арнайы әскери операциясы" басталғанын жариялады. Соғыс осылай басталды.
Украинаның Экономика министрі Юлия Свириденко соғыстың ауыр зардабын айтты. Ол: “елдегі миналар мен жарылмай қалған оқ-дәрілер мөлшері жағынан Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екінші тұр”, - деді. Словакиядағы GLOBSEC сараптама орталығы тың дерек жариялады. Украинадағы соғыс қалдықтарын жойып, қалпына келтіруге әлі 757 жыл қажет болады.
Украинаның Экономика министрлігінің TIME ақпаратына сәйкес, 1 қарашадағы жағдай бойынша, кемінде 264 бейбіт тұрғын минадан қаза тауып, 830-дан астамы мүгедек болған немесе жарақат алған. Бұл сандар - әлі де ресейлік оккупацияда болған немесе ауыр шайқастар жалғасып жатқан аймақтарды есепке алмағандағы көрсеткіш.
1991 жылы 8 желтоқсанда Беловеж келісімі орнаған еді. Келісімге сай, Украина, Беларусь және Ресей КСРО-ны тарқату туралы құжатқа қол қойды. 1997 жылы Қара теңіс флоты тең бөлінгенде Ресей Қырым, Луганцк, Донецкті және Украинаның тұтастығын толық танып қол қойған еді...
Әлем елдерінде қай шекаралар үшін дау бар?
Кейінгі екі жылда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында екі рет қақтығыс болды. Бір кездері Қырғызстан мен Өзбекстан арасында да жиі оқ атылып, шекара маңы қауіпті аймаққа айналған. Шекара маңындағы таластар Өзбекстан мен Қырғызстан арасында да болатын. Жыл басында Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекетінің басшысы келісімге қол қойып, өзара ортақ шешімді мақұлдаған. Мирзияев пен Жапаров қол қойған жаңа шекара келісіміне сәйкес, даулы Унгар-Тоо тауы Қырғызстанға өтті.
* * *
Армения мен Әзербайжан арасындағы Қарабаққа талас әдеттегі құбылыстай болып кеткен еді. Биыл Әзербайжан басшысы даулы аймақтарды арнайы операциямен қайтарып, өз елінің туын көтерді. Бұл әрекет – Әзербайжанның Таулы Қарабақты толықтай иеленгенін көрсетеді. БҰҰ мәліметіне қарағанда, 120 мың армяннан бірер аптаның ішінде мыңнан астам ғана адам қалған. Ереван халықтың жаппай қоныс аударғанын қысым деп атады. Әзербайжан билігі армяндарды қала беруге, Әзербайжан қоғамымен араласуға шақырған.
* * *
Дәл қазір Газа аумағындағы қақтығыс Израиль мен Палестина қатынасын шиеленістіріп отыр.
* * *
Атлант мұхитындағы Гибралтар бұғазы үшін Англия мен Испания арасында кикілжің бар.
Биіктігі 20 метрден сәл асатын және диаметрі шамамен 30 метрге жететін Атлант мұхитындағы адам тұрмайтын жартас үшін Ұлыбритания, Ирландия, Дания және Исландия таласады. Жартастың маңайындағы балық аулау құқығы мен барлау мүмкіндігі – "даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры" болып тұр.
Атақты Кипр аралы 1974 жылдан кейін төрт бөлікке бөлінеді: аралдың шамамен 60%-ы Кипр Республикасы билігінің бақылауында, 36%-ы - Солтүстік Кипр Түрік Республикасы. Қалған аумақ БҰҰ және Ұлыбритания Қарулы Күштеріне тиесілі. Солтүстік Кипрді тәуелсіз мемлекет ретінде тек Түркия мойындайды.
* * *
Курил аралдары - Ресейдің Камчатка түбегі мен Жапонияның Хоккайдо аралы арасындағы жанартаулық аралдар тізбегі. Оның құрамына 56 арал кіреді. Аралдар әскери-стратегиялық және экономикалық маңызға ие болғандықтан, Жапония олардың Ресейге қосылуын әлі мойындамайды.
* * *
Балқан түбегінің тарихи бөлігі Косово бірнеше рет бөлініп, қарулы қақтығыстарға себеп болған. 2008 жылы Косово парламенті провинцияның Сербиядан тәуелсіздігін біржақты түрде жариялады. Бұл шешімді БҰҰ-ға мүше 90-нан астам ел қолдады. Сербия аумақты өзінің тарихи жерлері деп санап, Косовоның тәуелсіздігін мойындаудан бас тартты.
* * *
Тарихқа көз жүгіртсек, Гималайда орналасқан бұрынғы князьдік Кашмир мемлекеті - Үндістан, Пәкістан және Қытай Халық Республикасы арасындағы өткір даулардың нысаны. Бүгінгі таңда Кашмир шекарасы шартарапта: екі үндістандық одақ аумағына бөлінген Джамму мен Кашмир және Ладак, өзін мойындамаған Азад Кашмир ("еркін Кашмир"), Пәкістанның бақылауындағы Гилгит-Балтистан аймағы ("солтүстік аумақтар") және Қытай Халық Республикасының әкімшілігіне қарасты Ақсай Чин территориясы.
* * *
Қытай әскерлері 1950 жылы Тибетке кіргеннен кейін Далай Лама бастаған көптеген тибеттік Үндістанға қашып кетті. ҚХР Тибетті өзінің тарихи территориясы деп мәлімдейді. Дегенмен Үндістанда бұл аймақ үшін талас бар.
* * *
1961 жылы күшіне енген Антарктика конвенциясына сәйкес, Антарктида ешбір мемлекет құрамына жатпайды. Дегенмен аумаққа Норвегия, Ұлыбритания, Австралия, Жаңа Зеландия, Чили және Аргентина секілді елдер қол сұғады.
* * *
P.S. Белгілі француз тарихшысы Эммануэль Тодд Украинадағы соғыс Үшінші дүниежүзілік соғыстың басы деп мәлімдеді. Бұл туралы geopoliticaleconomy.com арнайы материал жариялады. 2022 жылы Тодд "Үшінші дүниежүзілік соғыс басталды" атты кітабын шығарды. Ол өз сөзінде:
"Батыс газеттері қайғылы әрі күлкілі. Олар: "Ресей оқшауланған, Ресей оқшауланған" деп қайталайды. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымындағы дауыс беру нәтижелеріне қарасақ, біз әлем халқының 75%-ы Батыстың пікірін ұстанбайтынын көреміз. Бұл кейін аса маңызды емес болады", - деді Тодд.
* * *
P.P.S. Әрбір аумақ – мемлекет басшыларының көзіне мүмкіндік пен ресурс болып көрінгенімен, ондағы адамдардың тағдыры маңызды. Біз жай ғана өлген адамдардың санын білмейміз, жер тұрғынының азайғанын сезінбейміз. Біз тек цифрды көреміз. Ал әр санның артында бір адамның тағдыры бар. Жоғарыда аталған аумақтар үшін қақтығыс болған сайын қаншама жан мерт болады?! Біз тек жер дауының нәтижесінде аумақ қай мемлекетке өткеніне ғана назар аударамыз. Жарылған снаряд пен граната жердің бетін, ал жердің астын адам мәйіті жаулап жатыр. Үшінші дүниежүзілік соғыс тек ресми жарияланған кезде ғана болмайды. Әр оқ атылғаны, оқтан адамның мерт болғаны – соғыс. Соғыста жеңіс жоқ.